Сал ауруына шалдыққан 12 жасар қыз «Балапан» арнасының жүргізушісі атанды

Сал ауруына шалдыққан 12 жасар Назерке Айтмұратова «Балапан» телеарнасының жүргізушісі атанды. Назерке бұған дейін «Қарекет» бағдарламасында өз хикаясын баяндап, өлең оқып, бүкіл елді жылатқан еді. Назеркенің тағдыры барша қазақстандықтарды алаңдатты. 5 жасында кенеттен сал ауруына шалдыққан оның оқиғасы ешкімді бей-жай қалдырмады. Бұл орайда «Балапан» телеарнасының басшысы Мақпал Жұмабай оны тележүргізушілікке шақырған. Оған бұл ұсынысты журналист Әлия Құдайбергенова тастапты.

«Бұл Назерке! «Қарекеттің» «Назеркенің арманы» деген хабарына қатысқан кішкентай кейіпкер. Арбаға таңылған аққудай қыздың оқыған өлеңі тыңдағанды жылатып, жүректерді елжіретті. Асан Пердешов ағасы тіпті ән жазып жіберіпті. Қанша адам тілектес болды. «Назека, инста парақшасында 300 адам екен, қазірге. Біздің хабардан соң оң мыңға жетеді» дегенмін. Сөйстем 45000 адамға толыпты! Барлығы Назеркенің аяғынан жүріп кетуіне шын жүрегімен тілектес! Ойланып отырып, Мақпал Жұмабай атты талантты сіңіліме хат жаздым. Мақпал белгілі ақын. Қазір «Балапан» арнасының басшысы. «Назеркеден жүргізуші шығаруға болатын сияқты. Өміріне титтей болса да оң өзгеріс болсын, осындай қуаныш сыйлай аласың ба, Мақпуш?» деген мазмұндағы хатыма «жақсы, Әлия апай. Нөмірін беріңіз» деді. Айналып кетейін, Мақпал! Бірауыз сөзімді жерде қалдырмай, Назеркенің бойындағы талантты, көзіндегі отты байқап жүргізушілікке шақырғаныңа мың алғыс! Сен деген қатарынан оза туған сұңғыла қызсың ғой. Алла қаласа Назерке «Балапанның» жүргізушісі. Тележұлдыз болады! Сосын журналист болады! Назеркемен бүгін сөйлестім. Қуанып отыр. Жаным, жарқырап жүрсең екен», — деп бөлісті Құдайбергенова желідегі парақшасында.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *