Сені ойлап, сағыну тоқтасын…

Авторы: Манап ЕРҒАЛИ

Білмеймін қашанғы сені ойлап,
Өтеді ұйқысыз түндерім.
Басымда небір ой жүр ойнап,
Сыздатып тұсында кеуденің.
Ақтарып өткеннің елесін,
Отырмын тағы да мең-зең боп.
Бейнеудей жадымда жүресің,
Қу үміт сонымен өлген жоқ.
Өлген жоқ әлі де сезімдер,
Күтеді қандай бір ғажапты.
«Қайран, сол бақытты кезім»-дер
Көзіңде бір белгі қалмапты.
Не деген сендегі астамдық,
Ойланам, толғанам, жынданам!
Бақыттан неге біз мастандық?!
Екеуміз ұсақтап жинаған…
Жүрсің бе өзгеге еркелеп?
Ұсынып мен сүйген жүректі.
Мен жүрмін кеш әлде ерте деп
Қабылдау соңғы сөз, тілекті.
Жетеді осынша күйгенім,
Сені ойлап, сағыну тоқтасын.
Болса егер ғашық жан сүйгенін
Жоқтаса, мендей-ақ жоқтасын.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *