Тағдыр жазылатын «Бәраат» түні не істеу керек?

Бүгінгі түн, яғни сәуірдің 30-нан мамырдың 1-не қараған түн — мұсылман күнтізбесі бойынша Шағбан айының 15-ші жұлдызы — «Бәраат түні»!

Жыл сайын әлем мұсылмандары Шағбан айының он бесінші түнін ерекше қуанышпен қарсы алады. Өйткені, ол қасиетті «Бәраат түні» болып табылады.

Бұл түн-періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Бұл түнді Ислам ғұламалары «Мүбәрак», «кешірім», «сақ» (кешірім, пәрмен, рахым) секілді атаулармен атайды. Шағбан айының он бесінші жұлдызы туралы, яғни барағат түні туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді:

«Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені,  Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші барма, кешірейін. Ризық сұраушы барма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған барма, шипасын берейін», — деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді» дей келе, «Алла Тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді», — деп те айтқаны бар (Сүнән-и ибн Мәжә, Иқамәтүс Салат, 191).

Сондықтан, бұл түнде Пайғамбарымызға (ﷺ) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал.

Бұл түнді барынша құлшылықпен өткізуге ден қойған жақсы:

1. Ақшам намазынан кейін алты рəкəғаттық «əууəбин»  намазын оқу.

ƏУУƏБИН НАМАЗЫ

Əууəбин «тəубе еткен, паналаған» мағыналарына келгендіктен Аллаға тəубе етіп, Оны паналағандардың намазы деген мағынаға саяды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде-кім ақшам намазынан кейін жаман сөз айтпастан 6 рəкəғат намаз оқитын болса, бұл оған 10 жылдық ғибадатпен тең келеді» делінген (Термези: «Салаат», 202). Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да бұл намазды ақшамнан кейін 6 рəкəғат оқығаны риуаят етілген. Алты рəкəғат оқылатын бұл намазды бір сəлеммен де немесе екі рəкəғат сайын үш сəлеммен де оқуға болады.

2. Құран оқу

3. Истиғфар айтып, таспихат тарту

4. Құптан намазынан кейін «Қажет» намазын оқу

ҚАЖЕТ НАМАЗЫ

Қажет намазы 4 немесе 12 рəкə ғат болып оқылады. 4 рəкəғат қылып оқылған жағдайда «Фатихадан» кейін 1-рəкəғатта үш рет «Аятул-Күрси», 2-рəкəғатта «Ықылас», 3-рəкəғатта «Фəлəқ», 4-рəкəғатта «Нəс» сүрелері оқылады. Намаз біткеннен кейін жоғарыда жазған дұғаны оқып, Алладан қалағанын сұрайды.

5. Тəһəжжүд намазын оқу

ТƏҺƏЖЖҮД НАМАЗЫ

Құптан намазынан кейін ұйықтамастан немесе шамалы ұйықтап тұрып оқылатын түнгі намаз. Егер шамалы ұйықтап тұрғаннан кейін оқылса, тəһəжжүд намазы атын алады. Ең аз 2 рəкəғат. Ал одан да көп рəкəғат оқыса, сауапты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құптан намазын оқығаннан кейін үтір уəжіп намазын оқымастан ұйықтап, түн ортасында қайта тұрып тəһəжжүд намазы мен үтір уəжіп намазын оқитын. Кейін таң намазына қайта тұратын.

6. Қаза намаздарды өтеу

7. Қол жайып Алладан дұға тілеу

Адам пенде болып жаратылғаннан кейін бұл дүниеде де ақыретте де көп нəрсеге мұқтаж. Бұл əрине табиғи дүние. Дүниелік жəне ақыреттік қажеттіліктеріне қол жеткізу үшін əуелі оларға қауыштыратын себептерге сүйену қажет. Əсіресе, бұлардың жүзеге асуы үшін Алланың жəрдеміне мұқтаждық таныту керек.

Сол үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл туралы былай деген:

«Кімде-кімнің Алладан немесе адамдардан сұрары болса, шарттарына сай жақсылап дəрет алсын, сосын Аллаға мадақ-мақтау, Елшісіне (с.ғ.с.) салауат айтып, мына дұғаны оқысын:

Оқылуы: «Лəə илəһə иллал-лаһул-халимул-кəрим. Субхан-Аллаһи Раббил-’аршил-’азыим. Əл-хəмду лиллəһи раббил-’аламин. Əсəлукə мужибаати рахматика уə азаимə мағфиратикə уəл-ғанимəтə мин кули биррин уəс-сəлəəматə мин кулли исмин лəə тəда’ ли зəнбəн иллə ғафəртəһ уə лəə һəммəн иллə фəррəжтəһ, уə лəə хəəжəтəн һиə лəкə ридан иллə қадайтəһə иəə əр-рахамəр-рəхимиин» (Термези: «Салаат», 140, 348).

Мағынасы: «Халим (биязы) əрі Жомарт Алладан басқа құдай жоқ. Ұлы Арштың Раббы Алла бар лық кемшіліктерден пəк. Хамд пен мадақ əлемдердің Раббы Аллаға ғана тəн. Уа Аллаһым! Рақым дылығың қажет еттірген нəрсе леріңді, ап-анық кешіріміңді, əрбір жақсылыққа жеткізуіңді, əрбір күнəдан алыстатуыңды сенен тілеймін. Күнəларымды кешір! Қайғы-мұңымнан арылт! Ризалығыңа лайық қажет тілігімді бер. Ей, рақымдылардың Рақымдысы, Аллаһым!».

8. Мүмкін болса, ертең мамырдың 1-інде нәпіл ораза ұстау

Бәраат түнінен соң келесі күні, яғни Шағбанның 15-і күні ораза тұтқан мұстахаб амал болып саналады.  Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) осы оразаны тұтуды өсиет еткен.  Сондықтан да Шағбан айының 15-і күні ерікті түрде сауабынан үміт етіп, нәпіл ораза тұтуға кеңес береміз. Сондай-ақ, қаза болған оразаны ұстауға да болады.

Қасиетті шағбан айында жоғарыда айтып өткеніміздей, рамазан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Айталық, бойымызды түрлі жаманшылықтан тазартып, ниет-ықыласымызды дұрыстап, мейлінше пәк жүрекпен қадам басу қажет. Яғни, қызғаныш, көреалмаушылық, қастандық, жеккөрушілік, ашушаңдықтан жүрегімізді тазалап, ғайбат, өсек, сөз тасу, жамандау, кемсіту, көпшілік-тің алдында біреудің айыбын көзге басып ұялту секілді жағымсыз істерден тілімізді қорғау қажет. Араздасқан адамдармен достасып, ағайын-туыспен татулығымызды арттыру керек. Шағбан айынан кейін келетін Рамазан айында ораза тұтуға ниет етіп, осы айдаға құлшылығымызды арттыруға амал етейік. Өйткені, Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте Алла елшісі (ﷺ): «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», – деген (Мукашәфәтул-қулуб, әл-Ғазали, 291-бет).

ДӘРИЕВ БЕРІК АЛСЕЙІТҰЛЫ

«ИМАМ АҒЗАМ» мешітінің бас имамы, ОҚО

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *