Таңғы әуен

 

Сәттерім құнды — сезімді хат қып түсірген,
Байқала қоймас бақытты шағым ісімнен.
Өмірді — мәнге,
көңілді — әнге толтырған,
Өлеңдерімді қайталап жүрем ішімнен.

Алдамшы бәрі…
Параққа жазбай сыр еттім,
Айнала жүріп маңайға әппақ гүл ектім.
Ақылға ығып адасқан адам қатарын,
Көбейтіп алмай дегенін қылдым жүректің.

Өзімді мақтап,
өзімді өзім қолдадым,
Ұмытпайын деп төбемде Ие hақ барын.
Мойындау оңай болған жоқ достың өлеңді,
Қасымда жүріп ішіп-жеміне сатқанын.

Қал-күйің тәуір,
қалтаңда қазір ақша бар,
Жұбатты солай..
Жымиып жүру — жақсы амал.
Қоғамым-дертті,
Жүрегім өртті екенін,
Түсінбей кетсін,
ұғынбай өтсін пәтшағар.

Сәттерім қымбат-
Жымиған, күлген, жылаған,
Тағдырымды өзім жыртылған хаттан құрағам.
Ай менен күннің ақ еркесіндей боп жүрем,
Айтқызбай бәрін түсінсе болды бір адам.

Салтанат Смағұлова, 2018ж

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *