Тарауық намазы қалай оқылады?

Тарауық намазы – Рамазан айында орындалатын бекітілген сүннет болып табылады. Мұнда ерлер үшін де, әйелдер үшін де игілік пен қайыр бар. Рамазан айы Құранның түсуімен қасиетті болса, дәл осы тарауықта Құран бастан аяқ хатым етіледі. Тарауық намазын жамағатпен оқу – сүннет. Әсіресе ер адамдарға мешітте оқу иман кәмілденіп, мұсылман бауырлар арасындағы бауырмалдықты арттыра түседі. Тарауық намазын оқудың келесідей қағидалары бар:

1.    Екі рәкәғаттан 10 рет сәлем бере отыра, 20 рәкәғат тарауық намазын оқуға ниет ету. Ниет етуде айтарлықтай сөздің қажеті жоқ, тарауық намазына деп шынайы жүрекпен құлшылық жасау.

2.    Үтір намазын тарауық намазынан кейін оқыған абзал. Бірақ тарауық намазының алдында оқылып қойса немесе тарауықтың бірнеше рәкәғатынан кейін оқылса күнә болмайды.

3.    Тарауық намазына кешіккен жағдайда немесе имам үтір намазын бастап кеткен болса, жамағатқа келіп қосылады. Кейін тарауық намазының қалған рәкәғаттарын толықтырып оқиды.

4.    Әр төрт рәкәғат сайын 4 рәкәғат намазға кеткен уақыт мөлшерінде үзіліс жасаған дұрыс. Мұндай аралықтағы үзіліс тиімді болмаса, қысқарта алады.

5.    Тарауық намазы парыздан кейін тұратындықтан, алдымен құптан намазын оқып алу керек. Жамағат тарауық намазын бастап кеткен болса, қайта құптан намазын оқып барып бастаған дұрыс.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің Қасиетті Қадір түні бағдарламасында жамағатпен «тәсбих намазын» оқу жоспарланған. Мешіт жамағаты тарапынан бұл намаздың қалай оқылатыны жайында сұрақтар түсіп жатқандықтан, түсіндіре кетуді жөн көрдік.

Тәсбих намазы

Тәсбих намазының сауабы көп. Бұл намазды әрқашан оқуға болады. Аптасына бір рет немесе айына бір рет, тым болмаса өмірінде бір рет оқу керек. Тәсбих намазы–төрт рәкат. Әрбір рәкатта «Фатиха» мен бір сүре оқылады. Бір немесе екі сәлеммен аяқталады. Осы намазда үш жүз рет:

سبحان الله والحمد لله ولا اله الا الله والله اكبر

«Субхан-Аллаһи уәл-хамду лилләһи уә ләә иләһә иллал-лаһу уаллаһу әкбар» тәсбихы оқылады.

Яғни, әрбір рәкатта жетпіс бес рет тәсбих оқылады. Ниет етіп, қол байланып, субханакадан кейін он бес рет осы «тәсбих» оқылады. Содан кейін Ә’узу-бисмиллаһ, «Фатиха» және бір сүре оқылып, қайтадан осы «тәсбих» он рет оқылады. Содан кейін рүкүғке барады. Үш рет рүкүғ тәсбихі айтылған соң, сол жерде он рет тағы да осы «тәсбих» оқылады». Содан кейін қиямға барған кезде сол жерде он рет оқылады. Одан кейін сәждеге барады. Сәжде тәсбихы айтылысымен артынша он рет «тәсбих» оқылады. Сәждеден тәкбір айтып тұрады да, екі сәжде арасында тағы да он рет осы «тәсбих» оқылады. Қайта тәкбір айтып, сәждеге барып, сәжде тәсбихін айтқан соң, он рет осы «тәсбих» оқылады. Сонымен бәрі қосылып, жетпіс беске жетеді. Осыдан кейін екінші рәкатқа тұрады да, сол рәкатты дәл осылай оқып отырады. Отырыста «әт-тахият» пен «салауат» оқылады. Осымен «тәсбих» жүз елуге жетеді. Осыдан кейін сәлем беріп яки сәлем бермей үшінші рәкатқа бастайды. Осы соңғы екі рәкат дәл алдыңғыдай оқылады. Осылайша үш жүз «тәсбих» оқылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) немере ағасы Аббасқа тәсбих намазын үйретіп жатып, осы намазды оқыған жанның құм үйіндісіндей күнәлары болса да, Аллаһ сөзсіз кешіретінін айтады [1]. Тәсбих намазында жаңылысқан жағдайда, сәһу сәждесінде бұл тәсбихтар қайталанып оқылмайды. Бұл намазды оқыған адам тәсбихтарды ойымен санай алса, саусақтарымен санамайды. Имам тәсбих намазын оқытса, жария оқиды. Тәсбихтарды да жария түрде оқиды.


 

Нуров Маxмуд қажы Нурұлы

Бала қажы мешітінің бас имамы

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *