Технологияларды коммерцияландыру – ғылым мен бизнесті біріктіру құралы

2018 жылғы 4 қазанда ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ғылым қорының ұйымдастыруымен «Технологияларды коммерцияландыру – ғылым мен бизнесті біріктіру құралы» атты ІІ халықаралық форум өтті.

Форум жұмысына ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік секторлардың, ғылым және бизнестің өкілдері қатысты.

Бақытжан Жұмағұлов: «Коммерцияландыруға бір мезеттік жаппай конкурстар өткізуді доғару керек. Әлемдік көрсеткіштерге сүйенсек, инновациялық процесс үшін осындай тәжірибемен жүру қолайсыз болады. Себебі конкурстар үздіксіз өткізілуі тиіс. Менің ойымша, ғылым саласында конкурстар жылдың кез келген уақытында тұрақты түрде өткізілгені дұрыс болады. Сонымен қатар ғылымды қаржыландыру үлесін екі немесе үш есеге көтеру қажет, сондай-ақ бұл мәселені Үкімет пен Парламент деңгейінде қайта көтеру керек», — деп атап өтті.

Форум брокерлік оқиға форматында өтті, оның мақсаты ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға мүдделі әлеуетті серіктестерді іздеу және олармен байланыс орнату болып табылады. Осы мақсатта Форум шеңберінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

Бұдан басқа коммерцияландыруды қолдау құралдары, ғылым, техника және инновация бойынша халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу механизмдері, технологиялық кәсіпкерлік және жетекші отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен старт-ап компанияларды дамыту бойынша тренингтер өткізу жоспарланды.

 

Маржан АМАНГЕЛДИЕВА

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *