Тек қана сауатты, білімге ұмтылған ел бүгін алдыңғы қатарда болады

Еліміздің басты байлығы – ел азаматтары екенін ескере отырып, Ұлт көшбасшысы биылғы Жолдауында халықтың өмір сүру сапасының жақсаруын алдыңғы қатарға қойып отыр. Жолдауда айтылған әр сөзге терең мән бере отырып, Елбасының әсіресе, білім саласына қатысты айтқан пікірлерін қолдаймын. Өйткені, Мемлекет басшысы білім саласын әрқашан тікелей назарында ұстап, ерекше қамқорлығына алып келеді.

Ел Президентінің «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай үлгі болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады» — деуі Зияткерлік мектептерде еңбек ететін ұстаздар жұмысының жоғары бағаланғандығынан болар. Ал, «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау керектігі жайлы тапсырманың берілуі – қоғамдағы ұлы мамандық иелерінің мәртебесін көтеруге ерекше ықпал етеді деп сенемін.

Еліміз бойынша мұғалім мәртебесін көтеру бағытында бірқатар жұмыстар басталып та кетті. Ол – жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс істейтін мұғалімдер жалақысына 30% үстемақы төленуі, пилоттық мектептерде жаратылыстану-математикалық пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдердің үстемақы алуы. Сонымен қатар, педагог қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа форматы қабылданып, қосымша 30-50% үстемақы төленіп отыр.

Сондай-ақ, жуырда ғана ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өткен «Үздік педагог» байқауында ұстаздар еңбегі еленіп, бағалы сыйлықтар мен марапаттауларды иеленген болатын. Мұның барлығы да ұстаздардың қиын да, қызықты еңбегінің лайықты бағалануы.

Ендігі кезекте педагогтер берілетін білім мен тәрбиенің сапасына назар аударып, осы мақсатта Президентіміз айтқандай 4К моделінде жұмыс жүргізуге дайын деп ойлаймын. Яғни:
— креативтілік
— сыни ойлау
— коммуникативтілік
— командада жұмыс істей білу.

Олай болса, бірлігі мен тірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің ұстаздары Елбасының Жолдауын қолдап, отанымыздың өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысады деген сенім бар бізде!

Айгүл ТӘШЕТОВА

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *