«Тек қана өзіңе сен! ҰБТ-да саған ешкім көмек бермейді»-Қасымжан Жұбай

Бүгінгі күнге дейін 2019 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары балды жинаған тек, бір бала бар. Ол — Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Бейімбет Майлин атындағы № 37 орта мектебінің түлегі Қасымжан Жұбай. 140 балл жинап, алтын белгісін қорғап шыққан түлек сынақта биология және химия пәндерін таңдаған. 11 жыл бойы жинаған білімін сәтті дәлелдеген дарынды бала С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне  оқуға түскісі келеді екен. Ата-анасының, әулетінің үмітін ақтаған Қасымжанды әңгімеге тартып көрдік. Ол ҰБТ тапсырғанда ерекше, керемет сезімде болғанын айтады:  

«ҰБТ тапсырғанда басқаша сезімде боласың. Ол сезімді айтып жеткізе алмайсың, себебі,  саған отбасың бүкіл әулетің сенім артып отыр. Сол сенімді ақтау деген мақсат болды. Әрине, ол сенімді, үмітті ақтадым, отбасым, әулетім барлығы қуанышты». 

Тестілеуге дайындықты 9-сыныпта бастаған Қасымжан жоғары балды жинауға ұстаздары зор ықпал еткендігін мақтанышпен еске алады:

«ҰБТ — ол сынақ, әр сынақтың өз қиыншылығы болады деп ойлаймын. Әрине, ҰБТ-ға дайындалып жүргенде қиыншылықтар болды. Ол қиыншылық 9-10 сыныптарда, ҰБТ-ға дайындықты бастағанда болды. Ал, ҰБТ-ға жақын қалғанда ол қиыншылықтар қалмады. Бізді тестке дайындаған Сарыағаш ауданы Жаскешу ауылындағы №37 Б.Майлин мектебінің ұстаздарына алғысым шексіз! Бұл жетістікке сол кісілердің арқасында жеттім».

Бес жылдан кейін өзіңді қандай адам ретінде елестетесің деген сұрағымызға: «Дәрігер мамандығын алып жатқан жас маман» — деп жауап берген түлек «Жалпы медицина» бағытын таңдап, кейін невропатолог болсам деп армандайтынын айтады.
«Армандар орындалады,

Мақсатың айқын болса»

деген Қасымжан: «Арманың орындалу үшін оған аянбай тер төгіп еңбектену керек. Менің мақсатымның бір бөлігі ғана орындалды Құдайға шүкір!»,-деп өзінің алған беттен таймайтын жас екенін көрсетіп қалды. 

Қасымжан ҰБТ-ға дайындық барысында күнде таңертең 1 сағат жүгіріп, спортпен айналысқандығын да атап өтті. Оның айтуынша, сабақ оқығанда спорттың көмегі тиген екен. Осылайша, ол өзінен кейін тест тапсырушыларға 5 кеңесін айтты:
«1. Тек қана өзіңе сен!!! ҰБТ-да саған ешкім көмек бермейді;
2. Оқудан ерінбе;
3. Пайдалы тағамдарды жеп, зиянды нарселерден аулақ бол;
4. Спортпен шұғылдан;
5. Басқа адамдарға барынша жақсылық жасап ризашылығын рақметін ал».
Осы уақытқа дейін 2019 жылғы ҰБТ-да ең жоғары балды жинап отырған Қасымжан сұхбатын Абай атамыздың өлең жолдарымен аяқтады. Бұл шумақты өзінің өмірлік ұстанымы ретінде есептейді екен:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап».
Суреттер: Қасымжан Жұбайдың ВК желісіндегі жеке парақшасынан.
Сұхбаттасқан: Аяжан Махамбетқызы

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *