Туған үйім


Жерге шөккен туған үйім қалқайып,
Шарбағы да жатушы еді шалқайып.
Ана жерде көне сандық тұратын
Ана төрде əкем жатқан жантайып.

Шоққа көмген нан тұратын табада,
Үзіп алып ұшатын ек далаға.
Кешке қарай мал жамырап өрістен
Қиқу салып кіргізуші едік қораға.

Ойын қуып сергелдеңі күндізгі,
Тəтті ұйқы мойынына мінгізді.
Терезенің тесігінен сығалап
Тауып алып оятатын күн бізді.

Ақ самаурын бұрқ-бұрқ қайнайтын, 
Тəтті, кəмпит күнде бізде болмайтын.
Күрең шайы, ыстық наны, қантымен
Анамыздың дастарханы жайнайтын.

Үлкеніміз бізді билеп, төстейтін
Бөліп беріп үй шаруасын жүктейтін.
Күл шығарып, от жағамыз əйтеуір,
Күрке үйдің тіршілігі бітпейтін.

Бауырлармен келіспей қап шүйіле,
Анам бізге ұрысатын күйіне.
Кетесіңдер, тарап-тарап жан-жаққа
Мəңгі бақи жүрмейсіңдер бұл үйде.

Мына өмір бай екен ғой тосынға,
Мені бөліп алып кетті осында.
Ыстық ұям, туған үйім баяғы
Лүпілдеген жүрегімнің тұсында.

Қайғы-мұңсыз, шаттығымның мекені,
Сезбеппіз-ау ғайып болып кетерін.
Бауырлармен өткізген əр сағатым
Күрке үйдің берекесі екенін.

Кең сарайым, үйім де бар, іші аппақ,
Туған үйім қалып кетті жырақтап.
Кəріліктің соңғы күні шіркін-ай
Ұйықтап кетсем босағасын құшақтап.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *