Қырық

Авторы: Қалқаман Сарин

Уа, Жаратқан,
Өміріме жетерлік,
Бақыт бердің, 
Дәмін шербет, шекер ғып.
Қамсыз ғұмыр жазғаныңа маңдайға,
Сансыз шүкір ете алмасам – 
Бекерлік!

Қырдан асып қырық деген келді жас,
Бұрынғыдай емес бəрі енді рас.
Қу дүние қусырылып барады,
Алшаң басып, ашқаныммен кең құлаш.

Алдымызда көп пе, əлде, аз ба өмір?
Күз келгендей күңіренді-ау жаз көңіл.
Неге, неге енді қалған ғұмырым, 
Елестейді ертегідей өзге бір?!..

Берілемін
Жегілемін көп ойға,
Уақытты ұстап тұрар жоқ айла.
Мен өзімді сағынамын кешегі,
Қалтасында қола тарақ, қол айна,

Арқасында домбырасы асынған,
Ортасында кіл достардың тасынған.
…Кейде, тіпті, мен өзімді іздеймін,
Айдан емес,
Жылдан емес,
Ғасырдан!

Мен өзімді сағынамын кешегі, 
Таңдайда – əні,
Маңдай бағы бес елі.
Сыйластықтың,
Қимастықтың шіркін-ай,
Шын достықтың жоқ еді ғой есебі.

Құшағыма көктегі Ай мен Күн сиып,
Ғұмыр кештім шын сағынып, шын сүйіп.
Адал жардың арманына серт бердім,
Ар алдында жұмыр басты құлша иіп.

Жасырмаймын,
Жазығым да бар, білем,
Сан сүріндім, десемдағы сақ жүрем.
Уақыттың уысынан шыға алмай
Қалдың ба екен,
Сағынышым салкүрең?!

Қырық деген,
Қырық деген – бір белес,
Қыр астында қалды түрлі-түрлі елес.
Батқан күнмен батып бірге мың ойға,
Іңірменен болдық енді іргелес.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *