«Қысқы» ҰБТ-дағы ең жоғары көрсеткіш — 134 балл

«Қысқы ҰБТ — 2019» нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды Studentmedia.kz.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде қысқы ҰБТ нәтижелері бойынша баспасөз конференциясы өтті. Ұлттық тестілеу орталығы директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, алғашқы сынаққа өтініш білдірген 35 838 түлектің ішінен 34 687-і қатысты. Үш күн бойы өткен тестілеу қорытындысы бойынша, шекті деңгейден өткендер саны – 24 012 адам (69%), шекті деңгейден өте алмағандар – 10 675 адам (31%).  Өтініш білдірген қатысушылар санаты бойынша: 29 789 адам — 11 (12)-сынып оқушылары, 3 268 адам – шартты түрде түскендер, 2 781 адам – шығармашылық мамандықтарынан басқа мамандықтарға ауысушылар. Жалпы, тестілеуге қатысқан барлық оқушылардың ішінде 118 баланың нәтижелері заңды өрескел бұзғандары үшін жойылды. Ал, екі оқушының орнына басқа адам кірмек болып, ұсталып қалған. «Қысқы» ҰБТ нәтижесі бойынша анықталған ең жоғары көрсеткіш — 134 балл.

11 жылдық білімін ағылшын тілінде сынамаққа өтініш білдірген 61 оқушының 58-і тестілеуге қатысқан. Олардың нәтижесі бойынша орташа балл 84,6-ны құрады. Соның ішінде, 54 оқушы сынақты шетел тілінде сәтті тапсырған.

Бейінді пәндер бойынша оқушылардың басым бөлігі математика-физика пәндерін таңдаған екен: «Бейінді пәндер комбинациясы бойынша «Математика-физиканы» 8 430 (28,8%), «Химия-биологияны» — 5 839 (19,9%) түсуші таңдаған. Бұл біздің түлектер Елбасының техникалық мамандықтарға білім беру гранттарының санын 20 мыңға көбейту жөніндегі әлеуметтік бастамасын дұрыс түсінетіндігін растайды», — дейді ҰТО директоры Рамазан Сейхімұлы.

Сонымен қатар, тестіленушілерге қолайлы жағдай жасау үшін өткен жылғыдай:

— барлық түлектерге сертификатпен бірге білім беру бағдарламаларының тізбесі көрсетілген биыл бөлінетін гранттар саны; өткен жылғы білім беру грантын беру конкурсының нәтижелері және өткен жылдың шекті балл көрсеткіштері қоса берілетін ақпараттық парақтар ұсынылады;  

— дәлелді себептерге байланысты мектеп бітіруші түлектері ҰБТ-ға қатыса алмаған жағдайда, оны келесі лекте тапсыру мүмкіндігін ұсыну;

— ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жеке көмекшілер мен сурдоаудармашылар ұсыну;

— «Алтын белгі» иегерлеріне балл ұпайлары тең түскен жағдайда басымдық беру көзделіп отыр.

Жалпы, Қазақстан бойынша 2019 жылы мектеп бітіретін түлектер саны — 150 мың. Соның 35 мыңға жуығы білімін қаңтар айында тексеріп көргісі келсе, наурызда өтетін сынаққа қатысуға 80 мың оқушы ниет білдірген.

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *