Жақсы көру қабілетін кәрілікке дейін сақтап қалу тәсілдері

Бүгінгі таңда көпшілік адамдардың өмір сүру жағдайы мен біршама әдеттері көз жанарының көруіне сол әсерін тигізуде. Уақытымыздың көп бөлігін бірде смартфон, бірде монитор бетіне телмірумен өткіземіз. Көру қабілетіміз нашарлап бара жатқанын байқасақ та, дереу шара қабылдамай, ушыққанда ғана дабыл қағамыз.

Монитордың алдында көп уақыт өткізетіндердің барлығында дерлік кездесетін қиындықтардың бірі — компьютерлік көру синдромы. Байқаған боларсыз, бірнеше сағат үзбей компьютер алдында отырғаннан кейін, көзіңіз шаршап, қызара түседі, ал экрандағы суреттер қозғала бастайды. Бұнын барлығы көзіңіздің шаршауынан туындаған құбылыс. Көру қабілетіңізді сақтап қалу үшін назарларыңызға бірнеше пайдалы кеңестер топтамасын ұсынамыз.

Үзілістер жасаңыз

Компьютерге бір отырған соң, уақытты бағамдап отыру қиын. Дегенмен, көз жаңарыңыздың көру қабілеті нашарламасын десеңіз, әрбір 45 минут сайын үзіліс жасауды қолға алыңыз.

Жарыққа назар аударыңыз

Экран неғұрлым жарық болса, бөлме де соғұрлым сәулелі болуы қажет. Көз аса қатты жарыққа қарауға қабілетсіз. Сондықтан, жарық экран мен қараңғы бөлменің шағылысуы көз бұлшық еттерін шаршатады. Сол себепті, монитордан түсетін жарық пен бөлмедегі жарықтың бір-біріне үйлесуін қадағалаңыз.

Жаттығулар туралы ұмытпаңыз

40-60 минут бойы компьютер алдында жұмыс істегеннен кейін, кем дегенде демалуға 10 минутыңызды бөліп, көз гимнастикасын орындағаныңыз жөн. Кез келген көзге арналған жаттығу көз бұлшық еттерін шынықтырып, көз ауруларының алдын алу үшін жасалады. Жаттығулар оңай: мұрын ұшына, алыс қашықтыққа қарап, көзді бірде оңға, бірде солға айналдырып, кезек-кезек үстіге және астыға қарау керек. Барлық қимыл баяу, әрі ақырын орындалады. Төменде пайдалы жаттығулар топтамасы көрсетілген:

Алдымен екі саусақпен (балаң үйрек және ортан терек) көзіңіздің алмасын сегіз рет басыңыз, ауыратындай қатты басуға болмайды. Сонан кейін суретте көрсетілген нүктелерге екі реттен басып шығыңыз.

Пайдалы функцияларды іске қосыңыз

Монитор мен гаджеттерден түсетін көк түс көзді талдырып, көру қабілетін төмендететінін ескере жүріңіз. Қолыңыздан келгенше, экран алдында аз отырыңыз. Ал смартфонда түнгі режимды қоссаңыз, көк түс сары түске алмасып, көзге қысым азая түседі.

Дәрумендерге бай тағамдарды жеңіз

Балық, лимон, киви, сәбіз, орамжапырақ, қызанақ, қаражидек, саумалдық сынды тағамдарды рационыңызға қосу — көру қабілетіңізді сақтауға, әрі одан сайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Уақытылы окулистке тексеріліп тұрыңыз

Бұл айтылған кеңестердің барлығы да оңай орындалады. Дегенмен, жаттығулардың барлығы тек аурудың алдын алу үшін жасалатынын ескере жүріңіз. Көзіңіздің көруі нашарласа, жаттығуларға сеніп жүре бермей, бірден окулиске жүгінгеніңіз жөн.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *