Жан сұлулығы

Құдайдың атын бекерден-бекер ауызға ала бермеңіз. Сұлулық туралы да осыны айтқым келеді. Құдай да, сұлулық та сіздің жүрегіңізде өмір сүрсін. Көп қайталай берсеңіз сөз де ескіріп, тулақтай тозып кетеді.
Сұлулық жөнінде әр халықтың өз түсінігі, әр уақыттың өз өлшемі болады. Ойланып көріңізші. Ғасырлар бойы адамзат баласы сұлулыққа табынып келе жатқанымен, неге әлемнің жаны тазарудың орнына, керісінше ластанып барады. Мүмкін, осының бәрі де біздің сұлулық туралы көзқарасымыздың дұрыс еместігінен шығар….
Бір халықтар үшін игілік болған уақыт, керісінше басқа бір халықтардын жанын отқа қақтап, тозаққа салып қояды. Уақытпен байланыс үзілген кезде адам мен рухтың үйлесімі де жоғалып, жаның кірлейді. Августиннің айтуынша, жаны таза болмаудың өзі Жаратушының адамға жіберген — ең ауыр жазасы екен…
Адам өмірге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді. Сенің о дүниеге жаныңнан басқа алып кете алатын ештеңең де жоқ. Аспаннан бас тартқан адам нигилизмнің батпағында тұншығып, өзінен басқа ешкімді көре алмай қиналып өледі….
Ішкі «менің» өсе түскен сайын жаның ұсақтала береді. Ал, жаны ұсақталған пенденің көзін шел басып, нағыз сұлулықты көре алмай өмірден өтеді. Диоген адамның жанын нұрландыратын төрт түрлі сұлулықтың бар екенін айтады, ол – әділеттілік, батырлық, сабырлылық, парасаттылық. Данышпан ақсақал адамның жанын ластайтын төрт дұшпанның болатынын да жақсы байқапты. Ол – әділетсіздік, қорқақтық, ынсапсыздық, ақымақтық.
Будданың «Вималакирти» сутрасында «Егер ақыл-ойың таза болмаса бәрі де таза емес, егер ақыл-ойың таза болса бәрі де таза» екені айтылады. Ал, ұлы Абай:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек.
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек, — деген.

Амангелді Кеңшілікұлы

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *