Жоғары білім жүйесіндегі елеулі өзгерістер

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының академиялық басқару дербестігін кеңейтуге бағытталған Заң жобасын әзірлеп, осыған байланысты еліміздің жоғары оқу орындарына білім берудің барлық деңгейлері бойынша білім беру стандарттары мен талаптарын өз бетінше әзірлеу құзыреті берілген болатын. 

Жаңа Заңнамаға сәйкес еліміздің жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын өздері әзірлейтін болады. Ендігі кезекте ЖОО-ларда білім беру бағдарламасымен қарастырылған пәндердің нақты тізімі болмайды және әрбір студентке 1 жылға арналған жеке оқыту жоспары дайындалады. Негізінде, білім беру бағдарламасы жалпы білім беру пәндерінен және әлеуметтік-гуманитарлық блоктан құралған. Жалпы білім беру пәндерінің қатарында — Қазақстан тарихы, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, философия, дене тәрбиесі пәндері болса, ал, әлеуметтік-гуманитарлық блок – әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану және психология сынды пәндерден тұрады.  

Бағалау жүйесіндегі өзгерістер

Бұрын-соңды бағалаудың әріптік жүйесінде «С+» қанағаттанарлық баға деп есептелсе, жаңа стандарттарға сәйкес «С+» «жақсы» деп саналатын болады. Егер, бұрын-соңды емтиханнан F бағасын алған студенттің тек жазғы семестрді өткеннен кейін ғана емтиханды қайта тапсыру құқығы болса, ендігі кезекте емтиханды жазғы семестрде оқымай-ақ тапсыру мүмкіндігі туып отыр. Егер, студент бұл жолы да емтиханды тапсыра алмаған болса, ол оқудан шығарылады. Мұндай жағдайда студент басқа ЖОО-ға өзге мамандық бойынша түсу құқығына ие және ол студент мамандық таңдауда мамандығына сәйкес оқыту бағдарламасына алдыңғы оқу орнында емтиханын тапсыра алмаған пәннің кірмеуі тиіс екендігін ескергені жөн.   

Қазақстандық студенттер «майнорды» ақылы негізде оқи алады 

Майнор дегеніміз – студент үшін негізгі мамандығымен қатар қосымша білім алуға мүмкіндік беретін бакалавриат бағдарламасы. Мәселен, болашақ экономист «Әлеуметтану» майнорын таңдау арқылы әлеуметтану бойынша қосымша білім ау мүмкіндігіне ие.  Ал, болашақ инженер психология немесе менеджмент бойынша қосымша білім ала алады. Нәтижесінде, ЖОО түлегінің дипломында негізгі мамандықпен қатар қосымша мамандығы да көрсетілетін болады.

3 жылда — бакалавр

Ендігі кезекте, жоғары білім алу үішн ЖОО-да 4 жыл көлемінде оқу міндетті емес. Өйткені, студент мамандық бойынша берілген 240 кредитті 3 жылдың ішінде-ақ игеріп ала алады немесе керісінше оқу үрдісін 5-6 жылға созуы мүмкін. Бұрын-соңды студент 1 семестрдің ішінде 30 кредитке дейін игере алса, ендігі кезекте ол бір семестрде 35 кредитке дейін оқи алады. Кредиттерді ауыстыру және жинақтаудың еуропалық жүйесі ECTS бойынша – бір кредит 45 сағатқа тең, оның ішінде студент пен оқытушының жұмысына 15 сағат берілетін. Ал, жаңа стандарттарға сәйкес бір кредит 30 сағатқа тең және студент пен оқытушының жұмысына сабақтың үштен бір бөлігі, яғни, 10 сағат берілетін болады. 

Жалпы академиялық дербестік шеңберінде енгізілген бұл жаңашылдықтар ЖОО-ларға академиялық бағдарламасының мазмұнын өздері анықтаулары арқылы оқу сапасын жақсарту бойынша құзырет беруді көздейді. Бұл — білікті кадрлар даярлауды және жаңа кәсіптерді қажет ететін жаңа экономикаға көшу кезеңінде жасалған өте маңызды қадам.

Айгүл ТӘШЕТОВА, журналист

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *